Главная » 2011 » Наурыз » 22 » Білімсіз пәтуа шығаруға болмайды
07:19
Білімсіз пәтуа шығаруға болмайды

 

Ислам дінінің  ғалымдары мен ғұламалары Құран мен хадистер қарапайым адамға түсінікті болуы үшін пәтуа шығарған. Дегенмен, бүгінде діни білімі толысқан ғалымдармен қатар білім таяз, көпшілікке беймәлім адамдардың да діни тұрғыда түсінік беріп жүргендігі байқалуда.

Жас ұрпақты түзу жолдан адастыруға осындай жәйттер септігін тигізіп жатқан жоқ па, жалпы пәтуа шығаруға кімнің құқы бар деген сауалдарға жауап іздеп Атырау облысына арнайы келген үгіт-насихат тобының мүшесі Ақтөбе облыстық орталық мешітінің наиб имамы, Мысырдағы Әл-Азhар университетінің түлегі Сансызбай Шоқановпен әңгіме өрбіттік.

- Сансызбай қажы, жастар арасында діни тақырыпта әңгіме өрби кетсе, «анау былай деп айтқан» деп, бір-біріне беріспей, қызыл кеңірдек болып «пәтуа» айтысып жатады. Шариғатта білімсіз пәтуа берудің үкімі қандай?

- Расымен дінді уағыздаушылардың қатарында діни білімі жоқ адамдар да бар. Бірақ, сол «ғалымдардың» ақылын тыңдағандар көптеген келеңсіздіктерге  душар болып жатқандықтарын аңғармауда. Ал, Құранда Алла тағала «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» деп ақыл береді. Сол себепті білімсіз пәтуа шығаруға не біреуге жалған уағыз айтуға болмайды. Дін мәселесінде қате жауап берген адаммен қоса оны сұраған адам да күнәлі саналады. Өйткені, кез келген адам ең алдымен кімге сұрақ қойып отырғанын білуі қажет. Ауырған адамның білімді дәрігер іздейтіні секілді діни сауалда да білікті адамнан сұрау қажет.  

  - Пәтуаны кім шығарады? Сол секілді Шариғат, фиқһ не пәтуаның өзгеруі мүмкін бе?

- Пәтуаны Құран мен хадисті, фиқһты (түсіну), усулифиқһты (фиқһтың негізі) қауадилфиқһты (фиқһтың ережесі) өте жақсы түсінетін, жетік меңгерген, діни білімі ең жоғары дәрежеде болған адам ғана шығара алады. Пәтуаның өз ғалымдары бар. Екінші сауалыңызға келсек, Шариғат пен фиқһ ешқашан өзгермейді. Ал, ғалымдар пәтуаны орынға, жағдайға, мезгілге, қоғамға қарай өзгеріп тұрады деген. Қазіргі кезде көп жастардың дінді дұрыс түсінбеуі мағыналы оқулықтың жетіспегендігінен болуда. Мектептегі алгебра, физика, химия пәндері секілді дінде Құран, хадис, фиқһ, тәпсір деген бар. Физика мен химияның өзіндік ғалымдары болатыны секілді Құранды, хадисті, фиқһты тәпсірлейтін ғалымдар да бөлек-бөлек болады. Осы араны түсініп, шатастырып алмау керек.

- Сонда тек Құран мен хадисті негізге алып өмір сүрем деу қате ме?

- Хадис дегенде 5 нәрсені түсінген абзал. Пайғамбардың айтқаны, істеген ісі, мінезі, жарытылысы, Оның алдында бір сахаба істесе, соны Пайғамбар мақұлдаса - Хадис. Кей жағдайда алдыңғы хадистердің үкімін кейін келген хадистер өшіріп жатады. Мұны фиқһ ғалымдары түсіндіреді. Фиқһты айтқанда хадисті айтып шатастыруға болмайды, әрқайсысы әр бөлек. Мен фиқһ ғалымынсыз, яғни, ешқандай түсіндірмесіз бірден Құранды оқимын, сонымен жүремін деген адамның діннен шығып та кетуі мүмкін. Мәселен, Құранда «Мас қалыптарыңда намазға жоламаңдар» деген аят бар. Кейіннен «Арақ, пұтқа табынушылық, пал ашу, құмар ойындар – лас нәрсе. Одан тыйылыңдар!» деп үзілді-кесілді бұйырған аят келіп, алдыңғы аяттың күшін жойды. Міне, осындай жағдайды қарапайым адам білімі Құранды меңгере алатындай болмағандықтан шатасады, осыны дұрысынан түсіндіріп беретін сахих ғалымдардың түсіндірмесі.

- Демек, білімсіз пәтуа шығаруды тоқтату үшін не істеу керек?

- Біріншіден, Ақида (сенім) іліміндегі кітаптарды жазу. Екіншіден, қазіргі таңда мен және басқа да көптеген діни білікті азамттар бірігіп, хадисті, тәпсірді, фиқһты қалай оқу керектігін, шариғат пен фиқһтың не екендігін толығымен түсіндіріп беретін кітапты аударып жатырмыз. Құдай қаласа, осы кітап жарық көргенде жастарымыздың арасында білімсіз пәтуа тарату тоқтайды деген үміттеміз. 

Ақырзаман жақындағанда, ғалымдар азаяды десе, ұстазымның «адамдар өзі де адасады, жұртты да адастырады» деген жанды сөзі бар. Атақты 4 ғалымның бірі, ғұлама Имам Мәліктің өзі 48 мәселенің 16-на жауап беріп, Алладан қорыққанынан «қалғанын білмеймін» депті. Ал, қазір біреуге 100 сұрақ қойыңызшы, сізге 200 не 300, тіпті 3000 етіп жауап беруі мүмкін. Мұның барлығы бос мақтаншылық пен надандықтан, Алладан қорықпағандықтан болып жатқан келеңсіздіктер. Сол себепті жоғарыда айтып өткендей, қате айтып өзімізді де, өзгені де күнаға батырмайық, әрі анық адасушылықтан сақтанайық. 

- Әңгімеңізге бек рахмет. Асыл дініміз үшін жасап жүрген қызметтеріңіз берекелі болсын!        

Біреу былай айтты деп, соңынан ілесіп кету бозбалаларымыз бен бойжеткендеріміздің өздері білім жинамағандықтарының кесірінен болып отыр. Анық-қанығына көз жеткізуге ерініп, өзгелерді тыңдауға немесе сарапатамадан өткен кітапты емес, әлемтордан қарай салуға, көшедегі біреуден сұрай салуға бейімделіп бара жатқан жоқпыз ба? Біздің пәтуа, жөн сұрап жүргендеріміз мешіт имамдары болса бір сәрі, осылай жүріп көшедегі «білімділердің» қармағына түсіп қалсақ кім кінәлі? Демек, «баланы жастан» деген ата-бабаларымыздың ұрпағына кішкентайынан имандылық дәнін егуге асығуы, медреседен білім көзін аштыруы тегіннен тегін болмаса керек. 

Әлпеш САДЫҚ
Просмотров: 1100 | Добавил: nuryessey | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: