Главная » 2011 » Тамыз » 4 » Миғұла бала қайдан шығады?
12:05
Миғұла бала қайдан шығады?

Теледидардың бала миына тікелей залал келтіретінін ғалымдар анықтап отыр. Балалардың бұндай қауіпке қауқарсыздығын айтқан мамандар зар қақсауда. Теледидарды көп көрген бала миғұла-мәңгүртке айналады екен.

 

Мысалы, экрандағы жылтылдаған әрбір көрініс орташа есеппен алғанда 3-4 секундтан аспайды. Көріністердің тез алмасуын жаңа жетіліп келе жатқан баланың миы сақтап үлгермейді екен де, келесі көрініске ауысқанда миы шатасып кете береді. Сөйтіп, баланың миы қысқа көріністі, аз уақытқа ғана есте сақтауға бейімделе бастайды. Сонымен есте сақтау көлемі тарылып, ойлау уақыты қысқарады. Қысқасы, ондай бала келелі әңгімені тыңдап, оның мағынасына ой жүгіртуге қабілеті жетілмей қалады.

 

Кэйз Буззел деген ғалым бұл жайында «Дамып келе жатқан адам миына теледидардың әсері» атты кітап жазып, көптеген дәлелдер келтіріпті. Онысы медидцина саласында дүмпу тудырып, өте бағалы еңбектер қатарына қосылыпты. Автордың айтуынша, алты-жеті жасар баланың миындағы жүйке жасушалары миллиондаған байланыс жасай алатындай ауқымға ие. Бұл даму ауқымы бала 10-11 жасқа келгенде тоқтап, бала осы байланыстардың сексен пайызынан қол үзеді. Егер сол жасқа дейін балада осы жүйке жасушалары арасындағы байланыс дамымаған болса, онда одан кейінгі уақытта мүлде дамымайтын болады.

 

Сәби алғаш туғанда «нейрон» деп аталатын миллиардтаған жүйке жасушаларымен туылады. Алғашқы үш жылда бұл жасушаларды азықтандыратын миллиардтаған глио жасушалар дамиды. Жүйке жасушалары орталық жүйке жүйесінің шамамен жартысын құрайды.  Ал, қалған жартысын көмекші рөл атқаратын жасушалар толтырады. Өйткені, жүйке жасушалары өте нәзік жасушалар болумен қатар қорек сақтау, оттегімен қамтамасыз ету жұмыстарын атқара алмайды. Ал бұлар қамтамасыз етілмесе тез өліп кетеді. Одан да сорақысы, бір жүйке жасушасы өлгенде, орнына ешқашан жаңасы өндірілмейді. Жетілмеген күйінде қала береді.

 

Глио жасушалары өндірілгеннен кейін жүйке жасушалары «дендрит», «аксон» деп аталатын мұртшалар арқылы бір-бірімен байланыс құрады, осылайша мидың басқа бөліктеріне жалғанады. Жүйке байланыстарының жетілуі көпжақты іс қимылдарға байланысты. Мәселен, сәби жерде жатқан ойыншықты қолға алмақ болғанда, оны тістеп көруге талпынғанда, лақтырғанда, мидағы жүйке жасушалары өзара байланыс құрады. Ал, теледидар тамашалағанда, баланың жүйкесінде бұндай көпжақты сигнал берілмейді. Сол себепті, ешкіммен сөйлеспей, еркін ойнамай өскен баланың миы қалыпты балаларға қарағанда 20-30 пайыз кішірек болып қалыптасады.

 

Маңайдағы адамдардың сөйлесуі, күлуі, неше түрлі көңіл күйдегі дыбыс екпіндері баланың сезім миын қозғалысқа түсіріп жетілдіреді. «Неокортекс» деп аталатын ойлау миы түрліше сезімдерді бір жерге түйістіріп, баланың ойлауы мен сырттағы күйге жауап беруін реттестіреді. Бағыт бағдар береді. Бұл мидың басқа екі бөлшегінен бес есе үлкен. Осы жүйе ертерек жетілмесе бала сыртқы ортамен дұрыс байланыс орнатуға қабілетсіз болып қалады. Мәңгіріп өз жайында жүретін әдет қалыптасады.

 

Теледидарға телмірудің балаларға тигізетін залалы бұл ғана емес екен. Аса жоғары көз талмасы ауруына шалдықтыратынын да ғалымдар ғылыми дәлелдермен соқырға таяқ ұстатқандай анықтап айтып отыр. Кейін бала қолына кітап ала берсе көзі шаршап, миы жалқау тартып,  білім алуына үлкен кедергі жасайды екен. Сөйтіп, сабақ үлгерімі нашарлайды, қатарынан қалып бара жатқан баланы, ұстазы, ата-анасы қоса қамшылап психологиялық ауыр жағдайға түсіреді. Жан-жақтан қысымға ұшыраған бала ой жүгіртуге, талдау жасауға ерінеді де, ақыры ой еңбегінен тайқып шығады. Ойлау арқылы жұмыс істейтін шаруалардың бәрінен қашқақтап тұратын әдет қалыптасады.

 

Аянбала

www.namys.kz

Просмотров: 1162 | Добавил: nuryessey | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: