Главная » 2011 » Наурыз » 26 » ТЕМЕКІДЕН ТУЫНДАЙТЫН АУРУЛАР
09:38
ТЕМЕКІДЕН ТУЫНДАЙТЫН АУРУЛАР

Арқа және бел ауруы. Темекі тарту бел ауруларын тудырады. Өйткені, адамның омыртқа табақшаларына оттегі аз барады.
Простаттың қатерлі ісігі. Темекі тарту простаттағы ісік түрлерінің 40 пайызының себебі екендігі дәлелденген.
Жатырдағы қатерлі ісік. Шылым шегетін әйелдерде тартпайтындарға қарағанда жатырдағы қатерлі ісік ауруына шалдығу қаупі 4 есе жоғары.
Төстегі қатерлі ісік. Темекі тартатын нәзік жыныстылар емшек ісігіне көбірек шалдығады.
Балалардың тыныс алу жүйесінің бұзылуы. Әкесі, не анасы темекі тартатын балалардың тыныс жолы ауруларына шалдығу қаупі 6 есе жоғары. (Суықтау, құлақтың қабынуы, бронхит, ентікпе және туберкулез т.б. аурулар).
Диабет. Темекі дененің инсулин бөліп шығару қабілетін уақыт өте келе жояды. Бұл диабет ауруына жол ашады.
Дәріге қарсы иммунитет. Темекі тартатын адамдар дәрінің әсерін сезіну үшін белгілі мөлшерден көбірек дәрі қолданулары керек.
Құлақ инфекциялары.  Шылым шегетіндердің балаларының құлақ қабыну ауруына шалдығу қаупі өте жоғары.
Эмфисема ауруы. Өкпедегі алвеольдердің уақыт өте келе серпінділігі жойылып, тыныс алу қиындайды және ауру адам тыныс алу құрылғысымен ғана өмір сүре алатын жағдайға жетеді. Бұл ауруға шалдыққандардың 85 пайызына темекі тікелей кінәлі.
Асқазандағы қатерлі ісік. Темекі тартатын адамдардың асқазан және ішектегі қатерлі ісік ауруына шалдығу қаупі темекі тартпайтынға қарағанда 2 есе көп.
Жүрек аурулары. Шылым шегетіндер басқаларға қарағанда 4 есе жүрек ауруына көп ұшырайды
Бедеулік. Жұбайлардың біреуінің ғана темекі тартуы бедеулік қаупін 3 есе арттырады.
Гангрена. Өкпе қызметін дұрыс атқара алмағандықтан, денеге оттегі аз таралады. Адамның денесі осы аз мөлшердегі оттегіні басқа ағзаларға таратуға мәжбүр. Сондықтан жүректен алыс орналасқан саусақтың ұшынан бастап жасушалар өле бастайды. Көбіне қол мен аяқтар гангренаға үшырайды.
Бауырдың қабынуы. Бұл аурудың 80 пайызы темекі шегудің әсерінен туындайды.
Кеңірдектегі қатерлі ісік. Күніне 25 дана темекі тартсаңыз, кеңірдекте қатерлі ісіктің (рак) пайда болуының ықтималы 30 есе көбейеді. Бұл алдымен сөйлеуге қиындық туғыза бастайды да, соңында толық сөйлей алмайтын жағдайға дейін апарады.
Ерте босану және баланың салмағының аз болуы. Күніне ең кемі 5 дана темекі тартатын жүкті әйелдің ерте босану немесе мүгедек бала туу қаупі өте жоғары.
Ауызда қатерлі ісіктің пайда болуы. Ауызда қатерлі ісіктің пайда болу жағдайларының барлығына темекі себепші.
Климакс. Темекі тартатын әйелдерде уақытынан 5-10 жыл бұрын климакс басталады. Бұл сүйектердің ерте жұқаруына немесе әлсіреуіне себеп болады.
Өңештегі қатерлі ісік. Бұл аурудан қайтыс болғандардың барлығы темекі тартқаннан осы дертке шалдыққандар.
Ерте қартаю. Әрдайым темекі тарту терінің құрылымын бұзып, әжімдердің пайда болуына әкеліп соғады. Сонымен қатар, тістер сарғайып немесе қарайып, тырнақтар әлсірейді.
Жаралардың баяу жазылуы. Темекі тартатын адамдардың жаралары өте қиын жазылады. Сонымен қатар, операциядан кейін жараның жазылмау ықтималы бар.
Тістің түсуі. Темекі тарту тістің ерте түсіп қалуына себепші.

Ана мен бала денсаулығына зияны 
Қазiргi қоғамда алаңдаушылық тудырып отырған бiр мәселе – шылым шегушiлердiң қатарын қыз-келiншектердiң толтыруы. Болашақ ана болатын бүгiнгi қыздарымыз көшеде сiздi тоқтатып, оттық сұрағанда сiзде шақпақ болмай қалса, арулар кәдiмгiдей таңданатын күйге жеттi. Темекiнiң түтiнiне уланған қыздарымыздың көбiсi – жоғары оқу орындарының студенттерi. Шылым шегетiн ана, денi дұрыс сәби туа алмайтынын түсiнбейтiн болу керек. Ананың құрсағында жатқанда түтiнге уланған сәби жарымжан, әлжуаз немесе есi ауысқан болып жарық дүниеге келуi әбден мүмкiн. Темекі тартатын әйелдер темекі тартпайтын әйелдерге қарағанда 15 жасқа ерте қартаяды. Олардың балаларына оттегі аз баратындықтан, ақыл-ойы кем болып туылады. Мұндай әйелдердің балаларының мүгедек болу ықтималы 65 пайызға жоғары. Темекіге әуес әйелдердің арасында бедеулік 10 есе жоғары. Ал, ерте босану және түсік тастаудың 80 пайызына темекі себепші. Бір шылымқор төрт тал шылым шеккенде, қасындағы бейкүнә баласы мен әйелі бір тал темекі «тартқандай» уланады. Тұтанған темекі құрамында улызаттардың 25 пайызы жанып кетсе, 25 пайызы шылымқордың, қалған 50 пайызы айналасындағылардың үлесіне тиеді. Темекі екіқабат әйелдерге өте зиянды. Шылымқорлықтың салдарынан сырқат, тіпті өлі сәби туу, түсік тастау оқиғалары жиі кездеседі. Бала емізетін әйелдер темекі тартса, никотин емшек сүтіне араласып, соның салдарынан сәби уланып туберкулез, өкпе сырқаттарына шалдығады, мазасыз күй кешеді. Мәселен, отбасында бір адам темекі тартса, үйдегі балалардың денсаулығына 68,4 пайыз, ал екі адам түтіндетсе 83,8 пайыз зиян келтіреді. Ал, үш адам шылым шегетін болса, ол үйдегі балалардың денсаулығы туралы әңгіме қозғамай-ақ қоюға болады. Темекі шегу болашақ аналардың денсаулығына орны толмас орасан үлкен қатер. Анасы никотинмен уланған баланың салмағы, темекі шекпейтіндерге қарағанда, орташа есеппен алғанда 30-40%-ға кем . Балалардың аурушаңдық көрсеткіштеріне қарасақ, шылым шекпейтін отбасыларында балалар аз ауырады, олардың ағзасы әдеттегі ауруларға төзімдірек келеді.

Темекі шегу белсіздік пен бедеулікке жол ашады. 
Ерлер мен әйелдердің жыныстық қызметіне темекі шегудің кері салдарына айрықша тоқталуға болады. Оның зияны ерлерге қарағанда әйелдерде көбірек байқалады. Себебі темекі, ұрпақ дүниеге әкелетін әйелдің жыныстық қызметінің негізін бұзады. Медициналық мәліметке жүгінсек, ерлерде де, әйелдерде де дәл осы темекі шегу салдарынан жыныс мүшелерінің қызметі орасан зардап шегіп, белсіздік, жыныстық қатынасқа деген салқындық орын алады. Әйелдердің жатыр мүшесінің қызметі нашарлап, түсіктер, мерзімінен бұрын туу сияқты ауруларға тікелей сеп болады. Сондай-ақ, баланың өлі боп дүниеге келу қаупі 20-30 пайызға артады. Темекі шегу әйелдердің жұмыртқалық жасуша қалыптастыру жүйесін бүлдіреді. Темекі құрамындағы улы заттар іштегі нәресте үшін аса қауіпті. Темекі құрамындағы аса зиянды полоний элементі (Ро210) дәл осы ана жатырындағы жұмыртқалық жасушаларда жиналады. Содан соң мутагенді қасиеттерінің арқасында (жартылай ыдырау мерзімі 200 жыл) токсиндік улы зат ретінде мутация тудырады. Мұндай кері әсер, әсіресе бала біту мен оның дамуы кезінде қатты байқалады. Ро210 болашақта баланың дене бітіміндегі ауытқушылыққа, кемтар болып қалуына басты себеп. Темекі шегу ерлердің де жыныстық қызметінің қалыпты жұмысын бұзады. Олардың түтікше ауруларын қоздырады. Темекі шегетін еркектердің түтікше ауруларымен ауыру ықтималдығы шылым тартпайтындармен салыстырғанда екі есе көп. Ең қорқыныштысы, никотин қанға сіңгеннен кейін тірі сперматозоидтардың санын азайтады. Андрологиялық зерттеулер нәтижесіне сүйенер болсақ, темекі шегетін еркектің спермасындағы тірі сперматозойдтардың азаю көрсеткіші төмендегідей:
– күніне 10-30 темекі шегу кезінде – 40%-ға;
– күніне 40 темекіден артық кезде – 46%-ға;
– темекі шегу уақыты 10 жыл болса – 31%-ға;
–темекі шегу уақыты 10 жылдан артық болса – 64%-ға дейін тірі сперматозоидтардың саны азаяды. Сәби сүйгісі келген еркектің спермасында тірі сперматозоидтардың мөлшері 60-65%-дан кем болмауы керек. Ал тірі сперматозойдтардың саны 30-40%-ға төмендегенде, бала біту мүмкіндігі жоқ десе де болады. Мұнымен қоса, темекіні ұзақ уақытшегу еркектің жастай белсіздікке ұшырауына, жыныстық қатынасқа деген салқындықтың ерте пайда болуына әкеліп соғады. Темекіні тастаған еркектердің жыныстық қызметінің қайта қалпына келуі өте баяу болса да, мүмкіндігі мол. Ал, әйелдер темекіні тастап, денсаулығын қайта қалпына келтірген күннің өзінде жатырдағы жұмыртқа жасушаларында жиналатын полонийден толықтай арыла алмайды.

Нұрбек Қайырмұхаммед

www.muftyat.kz

Просмотров: 4263 | Добавил: nuryessey | Рейтинг: 3.5/2
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: