Главная » 2011 » Шілде » 6 » Уаһабилік немесе "сәләфилік"
23:15
Уаһабилік немесе "сәләфилік"
Уаһабилік немесе "сәләфилік" 

Бүгінгі жан-жақты жетілген ірі әрі қауіпті діни-саяси ағымдардың бірі. Бұл ағымды ХҮІІІ ғасырда Сауд Арабиясының Нәжд өлкесінде Рияз қаласы маңындағы Ұяайна елді мекенінде дүниеге келген Мұхаммед ибн Әбдәл-Уаһаб ибн Сүлеймен құрған. Сондықтан бұл ағым соның атымен уаһабилік деп те аталады.

«Сәләф» сөзі қасиетті Құранның бірнеше жерінде кездеседі. «Алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны береді. Ислам ғұламаларының көбінің пікірінше мұсылмандардың алдыңғы үш толқыны сәләфилер деп аталған. Олар – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары, табиғиндер (сахабаларды көргендер) мен табаға табиғиндер (табиғиндерді көргендер) исламның әуелгі үш ғасырында өмір сүрген. Құран кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне ғана сүйеніп, соған сай амал еткен. Сондықтан да олар классик сәләфилер, хақ жолдағылар саналды. Ал, қазіргі «сәләфилер» өздерін сол бұрынғылардың жолындамыз дегендерімен, шын мәнінде атына амалдары мен іс-әрекеті сәйкеспейді.

Бұлар мұсылмандарды Аллаһтың бірлігіне шақыру, ислам дінін хұрафат-бидағат амалдардан тазалау, дінімізді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманындағыдай қалпына келтіру, араб әлемін біріктіру сияқты мақсаттарды ұранға айналдырып алған.

Бұл ағымның негізін қалаған Мұхаммед ибн әл-Уаһһаб ханбали мәзһабының негізінде алғашқы діни сауатын әкесінен ашып, Құран кәрімді жат алды. Кейін Мекке мен Мәдина, Басра мен Бағдадта да білім алды. Көп жыл араб елдерінің дерлік барлығын және көрші мемлекеттерді де аралап көрді. Әкесі дүниеден қайтқаннан кейін өз еліне оралып, діни жетекшілік қызметін бастағаннан көпшілік оны жақтаушы мен қарсылас болып екіге бөлінді.

Бірнеше бәдәуи араб (көшпелі шөл тұрғыны, діни білімі шамалы) тайпасының қолдауымен ол XVIII ғасырдың 40-шы  жылдарынан өзінің саяси күресін кең ауқымда жүргізе бастады. Араб елдерін біріктіру деген ұранмен шыққан бұл әрекет көп ұзамай Саудтың саясатына, кейіннен осы әулеттің ресми идеологиясына айналды. XIX ғасырдың басында бұл қозғалыс Арабия түбегінің көп бөлігіне жайылды.

Уаһабилер отаршыл ағылшындардың көмегімен қаруланып, Осман түріктерімен аяусыз шайқасты. Сондықтан да османдықтар ұстанған ханафи мәзһабын «кәпірлердің мәзһабы» деп жариялады. Мұхаммед ибн әл-Уаһһаб өзіне дейінгі мұсылмандарды қасиетті Құран мен сүннадан ауытқып келген деп санады. Олар сопыларды мүшірікке шығарып, дінсіздерге, зекет бермейтіндер мен намаз оқымайтындарға қарсы жиһад жариялады. Қаншама қан төгілді.

Сәләфилер немесе уаһабшылар дүниауи мәдениетке, өнерге (музыка, театр, көркемсурет және т.б.), тарихи ескерткіштер мен мұраларға да  наразылық білдіріп, оны кешірілмейтін күнә санайды. Идеологиясын іске асыру үшін үкімет билігін күшпен құлату керек деп, сол жолда кез келген содырлық әрекеттерден де тайынбайды. Осы ниеттеріне жету үшін дінді тек бетперде ретінде ғана пайдаланады.

Бұл қозғалыстың тарихта қалдырған қанды іздерінен көптеген мысалдар келтіруге болады. ХІХ ғасырдың басында өте күшейген уаһабилік қозғалыс бірінші жауыздығын жасап, сахаба Зайд ибн әл-Хаттабтың (р.а.) Жұбайдегі сағанасын аяқ асты етті. Мекке, Мадина қаласындағы барлық қабірстанды, тіпті Айша (р.а.) мен Фатима (р.а.) аналарымыздың, көптеген саңлақ сахабалардың да сағаналарын қиратты. 1810 жылы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың мешітін талан-таражға салып, дүние-мүлкін сатып жіберді.

Олардың пікірінше тәспі тартуға да, мешітке садақа беруге де болмайды. Пайғамбарлар мен әулиелердің зираттарына зиярат етуге де қарсы. Тіпті алғашқы уаһабшылар қажылыққа барғандардың пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) асыл сүйегі жатқан орынға зиярат етуіне де тыйым салды.

Бұл ағым белсенділері жалаңбас, сақалын өсіріп, тобығына дейін қысқартылған шалбармен жүреді. Өздерінің дағуаты үшін мәзһаб ұстанбаса да ханбали мәзһабының жетекшісі имам Ахмад ибн Ханбалдың, ибн Таймийдің, Мұхаммед әл-Қайим әл-Жаузияның кітаптарын пайдаланады.

Бұл ағым ислам әлемінде түрлі ағымдардың тууына жол ашты. ХХ ғасырдың басында уаһһабилік ағымды үлгі тұтатын діни реформалық әрекеттер де жасалды. Олар: Суданда «Маһдия», Ливанда «Мадрасат Санусия», Мысырда Мұхаммед Адбуһудің ағымы, Жамаләддин әл-Ауғанидің медресесі және Үндістандағы бірнеше ағым. Бұл ағымдардың барлығы да ислам әлемі ХІV ғасырдан бері мойындап келе жатқан төрт мәзһабты мойындамай, мұсылмандар арасына іріткі салуда. Бұл ағымдардың салдарынан алғашқы үш ғасырдағы мұсылмандар мен қазіргі заманғы мұсылмандардың арасы тым алшақтап кеткен. Бұл ағымдар ислам дініндегі шариғат мәселелерін әрқайсысы өзінше түсіндіреді. Бұл ағымдарды ұстанушылар ислам дүниесіне жайылып, түрлі мемлекеттерде түрліше көріністе жүр. Мысалы, Алжирде ибн Бадис француздардың ассимиляция саясатынан өздерінің ұлттығын сақтап қалу және тассауф (сопылық) тарихаттарына қарсы күресуші тәлім ретінде қалыптасқан.

Ұстанымдары да әр елде әртүрлі: Аллаһ разылығы үшін Құран оқып, бақилық болғандардың рухына (әруақтарға) бағыштауға, оны еске алуға, мазарларға баруға үзілді-кесілді қарсы. Өлген кісі кім болса да жерленісімен біржола ұмыт дейді. Дұғаларда пайғамбарлар мен әулиелердің, періштелер мен ата-бабалардың атын атауды көптәңірліктің белгісі және Аллаһқа серік қосу деп есептейді. Алақан жаймайды, бет сипамайды. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды тәрк еткен.

Әз-Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күні Аллаһты ұлықтап, Елшісіне (с.ғ.с.) көпшілік болып салауат айтып, кең ауқымда насихаттап, Оны (с.ғ.с.) баршаға өнеге-үлгі етуді бидғат санайды. Уаһабшылардың өздеріне әу баста негіз еткен ханбали мәзһабынан айырмашылықтары төмендегіше:

– адам баласы иман кәлимасын айтқанмен, иманды саналмайды;

– мешіттердің мұнарасы болуына, сәнделуіне қарсы.

Ел мұсылмандары мен ұлтымыздың ынтымақ-бірлігіне ұстанымы мен іс-әрекеті арқылы іріткі салушы, қазақ топырағында өніп-өспеген, тамыр жаймаған бұл жат ағым ел тәуелсіздігінен кейін Шымкентте институт, Алматыда медресе ашып, қашан құзырлы орындар жапқанша өз ұстанымдары бойынша жүздеген мамандар дайындап үлгерді. Бұл аз десеңіз әр жылы өз бетімен үлкен және кіші қажылыққа барған жастардың бір бөлігі Мәдинада қалып, ондағы оқу орнында солардың ұстанымымен тегін (тиісті жағдайы жасалып) оқып, елге оралуда. Бұларды өз дегенінен қайтару да, қайта қазақ ету де қиын. Жаттағанын байыбына бармай қайталаудан танбайтын тоты құс секілді. Қасиетті Құранда: «Аллаһ шектен шыққанды ұнатпайды» («Бақара» сүресі, 190-аят), – деген. Мұнан бірер жыл бұрын Саудияда діни жоғары білім алған «сәләфилердің» бір тобын арағайындық етуге тырысқан құқық қорғау саласының маманы діни басқармаға алып келді. Ниеті «жарастыру» арқылы дін саласына қызметке тарту екен. Олардың ұстанымы ата-бабамыз әу бастан ұстанып келген ханафи мәзһабымен үйлеспейді. Ол үшін қайта оқытып, сараптау комиссиясына сынаққа салу керек. Бұған көнбеді. Ниет-пиғылы бөлек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Әркімнің ниеті өзіне серік», – деген. Кездесу нәтиже бермеді. Мұндайда дана халқымыздың: «Соқыр көргенінен танбайды» дегені ойға оралады. Қасиетті Құранда: «Аллаһ кімді адастырса, сен оған тура жол тауып бере алмайсың» («Ниса» сүресі, 43-аят), – делінген.

Жалпы жастарымыздың Саудияда діни білім алуын тыйып, ниет-пиғылы теріс, ұлтымыздың табиғатына жат бұл ағымға заңмен тыйым салынғаны жөн. Мұның ел бірлігі мен ынтымағына зияны аты шулы «хизб-ут-тахрирден» асып түспесе, кем соқпайды.

Иман діни-танымдық журнал, №3 (80) 2011ж

Просмотров: 1209 | Добавил: nuryessey | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: