Главная » 2011 » Ақпан » 15 » ИСЛАМ – ЖАС ДІН БЕ?
14:36
ИСЛАМ – ЖАС ДІН БЕ?


Атақты «Әл-Азхар» университетінің танымал бір шәкіртінің айтуынша, «Ислам – ең жас дін» деген сөзді тек білімсіздер ғана айтады екен… Осы сөзді естіп алып ойланып қалдым. Өйткені, дәл осы тіркесті көп қолданатындардың санатында мен де бар едім. Байқасам, айтып отырғаны дұп-дұрыс. Қараңыз, мұсылман баласы Адам Атадан (ғ.с.) Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) пайғамбарымызға дейінгі Алла тарапынан жіберілген барша пайғамбарларды (ұзын саны жүз мыңның үстінде, нақтысы Аллаға мәлім) мойындайды. Ол – Исламның алты тірегінің үшіншісі.

Сол Адам Атадан (ғ.с.) бастап Құранға дейінгі барлық Алланың түсірген кітаптарына не жазбаларына иман келтіруіңіз керек. Оның ішінде Мұсаға (ғ.с.) түскен Таурат пен Исаға түскен Інжіл, Дәуітке түскен Забур да бар. Ол – Исламның алты тірегінің төртіншісі.

Жоғарыда аты аталған пайғамбарлар бекерге келмегені айдан-анық. Алланың дінін әкелді. Құдай біреу-ақ. Барлық пайғамбарлардың әкелгені – ортағы жоқ, жалғыз Жаратушының діні болса, оларды «Анау мынадай дін, анадай дін» деудің не жөні бар? Демек, дін де біреу-ақ. Ол – Құранда «Алланың алдында қабылданатын дін – Ислам ғана» деп келетін мәңгілік асыл дініміз!

Ал «Мен христианмын, яһудимін» деушілер – соңғы келген пайғамбарларды мойындамай бөлініп шығып, өздері-өздеріне дін жасап алғандар. Өйткені, өз заманында Мұсаның (ғ.с.) да, Исаның да (ғ.с.), басқа пайғамбарлардың да артынан еріп, иман келтіргендерді Құран «Пәленше-түгенше» деп бөліп-жармайды. Олардың барлығын «Мұсылман» дейді.

Ендеше, «Ислам – ең жас дін» деген не сөз? «Мұсылмандар қолдан дін жасап алды» деген сөз бе? Біздің қателігіміз сол боп тұр. Түсінгенім, Ислам – кейіннен таралған дін емес. Ислам – Адам Атаға (ғ.с.) жіберілген, Мұхаммедпен (с.ғ.с.) аяқталатын ең алғашқы, әрі соңғы дін. «Бізге дейінгі үмметтер намаз оқымады» деп кім айтады? «Бізге дейінгілер ораза ұстамады» деп кім айта алады? Ал ең алғаш иман келтірген пенде Адам Ата (ғ.с.) болса, ендеше біздің «Ислам – соңғы дін, жас дін» дегеніміз қателік. Үш мәрте өткізілген Астанадағы Дәстүрлі діндер сьезінің де негізгі мақсаты осы болса керек. Яғни, күллі адам баласын бірлік туының астына жинау. Өйткені, дін жалғыз. Құдай біреу. Қазіргі саналы қоғам тұңғыш та ақырғы дін – Ислам екенін түйсінеді. Бәлкім жылдан-жылға санының артуы да осыдан болар… Аллаға мәлім!

Тимур Бектұр,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Алматы қаласы

«Ислам және өркениет», №5, 11-20 ақпан, 2011 ж
Просмотров: 1097 | Добавил: nuryessey | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: