Главная » 2011 » Ақпан » 28 » МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
12:05
МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Қасиетті Мәуліт мерекесі республикамыздың түкпір-түкпірінде ұлықталып, мерекеленіп жатыр. Кеше Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен арнайы дастархан жайылып, Құран бағышталды, уағыз айтылды...

Бірнеше ғасырлардан бері тойланып келе жатқан бұл мерекенің басты мақсаты - Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру боп табылады. Салтанатты шараның ашылу сөзін сөйлеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлінің айтуынша, мәуліт - араб сөзі, қазақша «туылған күн» деген мағына береді. Бұл атау Алла тағаланың ең сүйікті пендесі әрі сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің құрметіне берілген.
- Мәулітте мұсылман жамағаты жиналып, Құран сүрелерін, оның ішінде Исламның бастапқы қалыптасу кезеңіндегі оқиғаларға, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуіне байланысты түскен аяттарды дауыстап оқиды. Жиналған мұсылмандар ұлық пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген өз сүйіспеншіліктері мен қуаныштарын білдіргені үшін сауап алады. Мәуліт мерекесін тойлау қазақ дәстүрінде де болған. Тек кейінгі уақыттарда заман ағымына қарай үзіліп қалды. Бірақ сол қиын-қыстау кезеңдердің өзінде де діндар аталарымыздың бір үйге жиналып, мәуліт оқығандары туралы деректер бар. Ал қазір жастарымыз жаппай дінге келіп жатыр, иншалла. Ниет жақсы, ұлық мерекелер - Құрбан айт, Ораза айты және мәуліт мерекесі республика деңгейінде тойланып, мерекеленіп жатыр. Десек те, өңірлерде Мәуліт мерекесін тойлауда негізгі мұрындық - бірінші кезекте мешіттер болуы тиіс деп есептейміз. Алматыдағы орталық мешіт бұл ұлық мерекені тойлауды өткен қасиетті жұма күннен бастап жіберді. Жылда республика сарайында жалпы жұртпен бірге тойлаушы едік, биыл Балуан шолақ атындағы спорт сарайында 5 наурыз күні мерекелеуді жоспарлап отырмыз. Оған да сіздердің барлықтарыңызды шақырамыз, - деді Әбсаттар қажы Дербісәлі.
Мерекелік шара аясында қасиетті Құран аяттары оқылды, жастарға арналған уағыздар айтылып, әншілердің орындауында діни әндер шырқалды.


Нұрболат Аманжол

www.aikyn.kz

Просмотров: 1064 | Добавил: nuryessey | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: